Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Астанада жыл басынан бері өртке оранған 134 көліктің 113-і жеңіл автокөлік екен

өрт

Қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт қауіпсіздігі жөніндегі брифингі өтті. Мамандардың мәліметінше, жыл басынан бері Астанада 564 өрт тіркелген.

Тілсіз жаудың салдарынан биыл 9 адам көз жұмса, оның үшеуі балалар болып шыққан. Ал материалдық шығын 64 млн теңгені құрайды екен. Дегенмен бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырған біраз азайған. Ағымдағы жылдың 10 айында болған өрттің 54,4 пайызы жекеменшік секторларда болыпты.

— Жекеменшік секторындағы өрттің негізгі себептері пештік жылыту, электр жабдығын пайдалану кезіндегі қауіпсіздікті сақтамау салдарынан болады. Жылыту маусымы басталысымен жекменшік үйлердегі өрттің тұтануы және улы газдан улану жағдайлары арта түседі, — дейді өз сөзінде Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Аягөз Фазылова.

Бұл тұрғыда жыл сайын күз кездерінде өрт қауіпсіздік айлығы жүргізіліп, рейд кезінде Департамент қызметкерлері жекеменшік үйлерді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі жөніндегі көрнекі жадынамалар мен парақшалар таратылады екен. Сол сияқты профилактикалық шара барысында тұрғындарға өрт туындаған кездегі алғашқы іс-әрекеттер түсіндіріліп, жылыту пештерін дұрыс пайдалану ұсынылады.

— Жыл басынан бері жекеменшік сектордағы 34889 үйді аралап, 36223 адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде тұрғындармен 290 жиналыс өткізілді. Жалпы, профилактикалық шара барысында қарттар тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға жіті назар аударылады. Өйткені пеш жаңартылмағандықтан да, кез келген уақытта оттың тұтанып кетуіне әкеп соғады. Сондықтан от жаққанда пешті мұқият қадағалап отыру керек, — дейді өз кезегінде Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Мейрамбек Қайсанов.

Сонымен қатар жыл басынан бергі өрттің 23 пайызы автокөліктердің еншісінде екен. Автокөліктердегі өрттің себебі көбіне электросымдардың қысқа тұйықталуынан болатынын, 10 айдағы есеп бойынша өртенген 134 көліктің 113-і жеңіл автокөлік екенін айтады мамандар.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*