Nukte.kz > Конкурс > Мақала мазмұны

Құлдықтағы өмір

Соңғы жылдары адамдарды алдап апарып жұмысқа жегетіндер, не ұрлап кетіп, мәжбүрлеп құлдыққа салатындар көбейді. Бізде құлдық құрбандарының құқы қорғалмайды.

Сурет podvor.com сайтынан алынды

18 жастағы Рамазан осыдан бірнеше ай бұрын басынан өткен жағдайды есіне түсіргісі келмейді. Үйіндегілерімен ұзақ уақыт байланыса алмай, ауыр жұмысқа амалсыз жегілген кездері қазір оған түс сияқты.

Оқиға былай басталған еді…

Былтыр мектеп бітірген жас жігіт оқуын жалғастыруға мүмкіндігі болмай, жұмыс істеу үшін жиі баратын аудан орталығына аттанады. Бірақ бұл жолғы сапар бозбаланы ерте есейтті.

ОҚО-дағы Келес ауылының тұрғыны 18 жастағы Рамазан сазгер болуды армандайды / Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды

«Ауылдан амалсыз кеттім»

Оңтүстік Қазақстандағы Сарыағаш ауданынан 21 шақырымда орналасқан Келес ауылында қазір 100-ден астам ғана шаңырақ тұрады. Жұмыс істеуге болатын жалғыз орын – мектеп пен шағын медпункт.

Ауыл тұрғындарының біразы сыпырғы өсіріп сатады, мал бағады. Жоғары білімі мен жері, малы жоқтар аудан орталығын жағалайды, ол жерден жұмыс таппағандар әрі қарай қалаға кетеді. Тіршіліктің қамы үшін отбасын жырақта жүріп асырайды. Рамазан да – солардың бірі.

Үйіндегі бес баланың үлкені болған соң, мектеп бітіре сала 2016 жылы сөмкесін арқалап, ауданға келеді. Сондағы дүкендердің біріне жұмысқа тұрады. Біраз уақыт істеп жүргенде алыс ағайыны келіп, өзінің Алматыға бара жатқанын, айына 35 мың теңге жалақы төлейтін жақсы жұмыс тапқанын айтып, Рамазанды қызықтырған соң, «бірге барайық» деп ұсыныс жасайды.

Аз ақша төлейтін ауыр жұмыстан қажыған ол амалсыз артынан еріп, Алматыға келеді. Қаладан түрлі ауылдарға қатынайтын «Алтын орда» автовокзалына келгенде әлгі жігіт «ақшамды ұрлатып алдым, тапқан соң артыңнан барамын, кете бер» деп өздерін арнайы күтіп тұрған көлікке отырғызып жібереді.

Алыс жолдан шаршаған Рамазанның көзі ілініп, бір тұрғанда телефонның байланысы ұстамайтын жапан далада келе жатқанын бір-ақ көреді. Үш айға созылған құлдық осылай басталады.

– Мүлдем желі болмады. Малмен айналысатын адамдар екен. Бес адам болып, бір қора малды қыс бойы қарап шықтық. Бірінші ай біткен соң ақшамды сұрасам, алдаусыратып, «сәл істе» деп бермей жүрді. Қашып кетейін десем, қайда барарыңды білмейсің. Қыс. Айнала қар, – дейді Рамазан.

Айтуынша, өздерімен бірге қасында тағы төрт адам болған. Олардың да уақытылы айлық алып жүргенін көрмепті.

«Полицейлер ештеңе сұрамады»

Қыр басында қыстап шыққан cоң, олар малды айдап, сондағы алыс ауылдардың маңайына жақындайды. Сол кезде Рамазан жолай көріп қалған қойшы атаның телефонынан үйіндегілерге «осындамын» деп қоңырау шалады.

Полиция оның қоңырау соққан жерін анықтап, іздеп барады. Ақша тауып келуге кеткен ол әбден қажып, бастапқыда алам деген 35 мыңның орнына 15 мың теңге алып, ауылға қайтады.

Бірнеше айдан кейін, өзі-өзіне келген соң ғана ол полицияның «неге мұнда жүрсің?», «не істедің?», «кім ұстады?» деп сұрамағанын есіне түсірген. Күдектенген.

Келді де ештеңе айтпастан, машинаға отырғызып, алып кетті. Өзім де қазбалап, соттасқым келмеді. Үйге аман жетіп, бәрін ұмытқым келді, – дейді ол.

«Құлдық құрбандары қорғансыз»

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда құлдықта болған адамдардың көбі еркіндікке шыққан соң «қожайынға» арызданбастан, амандығына шүкіршілік айтып, ауылына асығады.

– Бұған, – дейді Алматы қалалық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істейтін кризистік орталықтың директоры Зульфия Байсақова, – елдегі заң жүйесіндегі олқылықтардың кесірінен құлдық құрбандары қорғансыз деуге де болады.

Себебі заңның өзінде бірнеше шикілік бар. Құлдықта болған адам прокуратураға жіберіледі, ал әлгі адамды еркінен тыс, құл қылып ұстағандарға біздің төлейтін салығымыздың – бюджеттің есебінен адвокат беріледі. Адамды құлдықта ұстайтындар әдетте ауқатты болып келеді. Олар өздері-ақ жалдай да алады. Сорақысы, жапа шеккен, ұзақ жыл бойы құлдықта болған адамға адвокат берілмейді. Оны өзің жалдауың керек. Заң бойынша солай, – дейді ол.

 

Алматы қалалық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істейтін кризистік орталықтың директоры Зульфия Байсақова / Сурет voxpopuli.kz сайтынан алынды.

Құл мен құл иеленушіні Қазақстанда ғана «татуластырады»

Маманның айтуынша, «бір адам үш жыл ит қорлықта жұмыс істеп, қағазда ұйықтап, соққыға жығылады. Оның адвокат жалдауға не күші, не ақшасы, не білімі жоқ. Ал прокурорлардың оларға қарайтын уақыты да жоқ. Олар тіпті іспен сот барысында танысуы мүмкін. Сосын әлгі байқұс не істейді? «Бостандыққа шыққаныма шүкір» деп жөніне кете барады.

Әсіресе Рамазан секілді ауылдан ауданға, не қалаға барып, екі қолға бір күрек деп жұмыс іздейтіндер түскен құлдықтан аман шыққандарына қуанып, арыз да жазбайды, бұл іске қайта араласқысы да келмейді. Себебі, – дейді Зульфия Байсакова, – қылмыстық істер бойынша тергеу бірнеше айға созылуы мүмкін.

Осынша уақыт кім күте алады? Мәселен, құлдықтан шыққан адам қызылордалық делік. Сот Алматыда болып жатса, ол бірнеше ай бойы сандалып осында жүруі керек. Кім оған жүреді? Оның үстіне құлдықтан кеше шықса. Жоқ, әрине.

«Бастысы, аманмын ғой» деп ұмыта салады. Сондықтан біз адам саудасы, құлдықта ұстау туралы өте аз естиміз. Бір жағынан мұның айтылмағаны бәріне жақсы, – дейді маман.

Зульфия Байсақованың айтуынша, Рамазанды іздеп келген полицейлердің ешқандай тергеу жүргізбеуіне елдегі қалыптасқан дағды – тараптарды татуластыру механизмі себеп.

Қазақстанда мәжбүрлі еңбекте болғандар мен оларды қинап ұстағандардың ісін сотқа жеткізбей, татуластыра салу тәжірибесі кең таралған. Құлдықта болған адамға аз-мұз ақысын беріп, құжаттарын қайтарады. Екі жақ та риза деп істі жабады. Құлдықта ұстау деген қылмысты жай жауып қоя салу деген масқара ғой. Әлемнің ешқандай елінде мұндай қылмысты кешірмейді. Тек бізде ғана «қайырымдылық» танытады, – дейді сарапшы.

Құлдыққа түсетіндердің көбі орта жастағы жұмыссыз ер азаматтар дейді сарапшы / Сурет Sputnik Kazakhstan сайтынан алынды.

«Кедейлік құлдыққа әкеледі»

Informburo.kz тілшісімен сөйлескен сарапшының айтуынша, құлдықта болатындар адамдардың ортақ сипатына 18 жастағы жұмыссыз, жоғары оқу орнына түспеген Рамазан да сай келеді.

– Басым бөлігі, – дейді Зульфия Байсақова, – өз отбасын қандай жолмен болса да асырауға мәжбүр болатын жұмыссыздар. Көбіне ауылдан келген орта жастағы ер азаматтар және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан қыз балалар.

Сондықтан оларға қандай жұмыс ұсынса да келіседі, құжат жүзінде келісімге отырмайды. Білімі мен сауаттылығы төмен болғандықтан, жеке құжаттарын әлгі адамның қолына ұстата салады. Маманарды соңғы кезде елде «құл» ұстаушылардың көбеюі алаңдата бастады.

Бұрын Қазақстаннан адамдарды жинап, шетелге жұмыс істеуге алып кететін. Қазір ішкі құлдық, яғни елдің ішінде, алыс ауылдарда, жырақтағы елді-мекендерде ұстау көбейді. Мұны құқық қорғау органдары білсе де, кейбірі қылмыскерден ауызбастырық алып, көзжұмбайлыққа салады, – дейді ол.

Зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істейтін орталықтың директоры бұл мәселенің тамырымен жойылып кетпей тұру себебін тергеу амалдарының дұрыс жүрмеуінен көреді. Айтуынша, іс сотқа жетіп жатса, сотталатындар – ортада жүрген жеңгетайлар мен делдалдар ғана.

«Бірақ жиналған ақшаның бәрін алып отыратын олардан да жоғары адамдар бар. Әдетте қолында билігі барлар. Олар бостандықта қалады. Сосын жаңа көмекшілер алып, құлдыққа басқа адамдарды сала бастайды. Бізде бұл жүйе біраздан бері бар, қашан нүктесі қойылатыны белгісіз», – деп қынжылады.

«Полицейлер сан үшін ғана жұмыс істейді»

Рамазан үш ай бойы іздеуде болса да, полицияның өзінен ештеме сұрамағаны, ол жерде не істегені туралы тергемегені, арыз жазбаймын дегеннен соң кете барғаны күмәнді. Бірақ сарапшы елде мұнан да сорақы жағдайлар кездесетінін айтады. Тіпті есебі түгел шығуы үшін тіркемейтіндер де бар екен.

Себебі қылмыстың аз болғаны керек. Қылмысқа араласқаны үшін сыйақы берілетін болса, кірісіп кетуі мүмкін. Былайша айтқанда, бәрі есеп үшін, сан үшін, – дейді ол.

Одан бөлек, – деп жалғастырды әңгімесін сарапшы, – полиция қаржылық жағынан мүдделі.

«Тіпті полицияның өзі адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтарды «крышовать» еткені туралы фактілер де тіркелген. Себебі, қолдарына сондай билік беріп қойған. Іздеймін десе – табады. Демек, оған мүдделі емес. Адам жоғалды деген хабар түскенде, полицейлер «жай бір жаққа кетіп қалған шығар, қайтып келер» деп үш күнге дейін ештеңе істемейді. Қайтып келетіндер де бар. Бірақ бұл мәселеге үстірт қарау екенін мойындау керек», – дейді ол.

«Ешкім хабарласып, халімді сұрамады»

Естеріңізде болса, АҚШ-тың мемлекеттік департаменті 2015 жылы адам саудасынан жапа шеккендерді қорғау бойынша Қазақстанды ең төменгі жағдайдың өзі жасалмаған елдің бірі ретінде атаған.

Тап сол жылы үкімет жәбірленушілерге әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі стандарттарды бекітті. Бұл стандарттар қандай өлшемдерге сай бекітілгені белгісіз, бірақ үш ай құлдықта болған Рамазанға қандай да бір көмек ұсынып, жағдайының қалай екенін сұрап, ешкім хабарласпаған.

Сондай жапа шеккендерге көмектесетін кризистік орталықтың директоры Зульфия Байсақова биліктің бұл шарасы шын мәнінде сөз жүзінде ғана деп қынжылады.

Тіпті құлдықта болған азаматтың қайта бейімделуіне көңіл бөлінбейді. Жыл сайын семинарлар, жиындар өткізіледі. Нақты мәселе не екені анықталмайды, жаңа жүйеге көшпейді. Бар мәселе сол күйінде сақталып келеді. Билік бекіттік деп жүрген ең төменгі стандарттар деген не? Бұл – педагогикалық, баспанамен қамту, заң және медициналық секілді сегізден астам қызмет түрі. Бізде мұның жартысы материалды-техникалық базасы мен құралдары жоқ үкіметтік емес органдарға жүктеледі. Жәбірленушімен жұмыс істейтін ұйымға күніне мемлекет есебінен 2500 теңге ғана береледі. Кейбір облыстарда бұдан да төмен, – дейді ол.

«Құлдан гөрі жәбірлеушіге көп ақша бөлінеді»

Зульфия Байсақованың айтуынша, жәбірленушілерге берілетін осы 2500 теңгенің есебінен орталықтар оны заңгердің, психологтің қабылдауына кіргізіп, тамақтандырып, құжаттарын қайта қалпына келтіріп, уақытша тұратын ғимараттың ақысын төлеп, мамандарға жалақы беруі керек.

Ол ештеңеге жетпейді, әрі қызмет сапасына әсер етеді. Бізде түрмеде отырған адамның тамағының өзіне күніне 790 теңгеден астам ақша бөлінеді. Қосымша шығындарын айтпай-ақ қояйық. Біз ауыр жапа шеккен, санасы өзгерген адамды қайта бейімдеуге қылмыс істеген адамнан аз ақша бөлеміз. Мемлекеттік орындар «Біз халықаралық стандарттарды қабылдадық. Ақша бөліп жатырмыз» дейді. Көрдіңіз ғой, қанша ақша бөлгенін? Көмекке зәру азаматтарымызға қол ұшын бере алмасақ, не пайда? – дейді маман.

Рамазанның арманы әнші болу

Бастапқыда әңгімеден қашқан Рамазаннан армандары туралы сұрағанымызда ашыла кетті. Айтуынша, бос уақытында өлең жазып, әуен шығарады екен.

Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына түскім келеді. Актерлыққа. Оның қаншалықты мүмкін екенін білмеймін, бірақ түбінде түсемін деп мақсат қойдым. Қазірше үйге көмектесуім керек, армандардың кезегі сосын келер, – деп аяқтады ол әңгімесін.

Ресми деректер бойынша, Қазақстанда 2017 жылдың басынан бері 3932 адам жоғалып, оның 195-і әлі табылмаған. Мамандардың айтуынша, олардың көбі құлдықта жүр. Ал ішкі істер министрлігінің мәліметіне сай, өткен жылы қылмыстық кодекстің адам ұрлау жөніндегі 125-бабы бойынша небәрі 19 адам ғана сотталған.

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*