Nukte.kz > Конкурс > Мақала мазмұны

Астанада ашулы үлескерлер Бас прокурордың кабинетіне тағы басып кірмек болды

Астанада атышулы «Азбука жилья» компаниясының үлескерлері әлі тыншыр емес. Барынан айырылып жер сипап қалған жұрт бүгін бас прокурор Жақып Асановпен кездесуді тағы талап етті. Алданған үлескерлер құрылысы аяқталмаған үйлерінің жөнді техникасы жоқ компанияның тұрғызуына үзілді-кесілді қарсы. Астана әкімдігі бұл жұмысты «Орда инжинирингке» тапсырған болатын. Алайда, адамдар бұл компанияға сенбей отыр.

Атышулы «Азбука жилья» компаниясының үлескерлері алғашқыда ғимаратқа ың-шыңсыз кіргізілді. Барлығын тыңдау үшін арнайы кең зал бөлініп, құрылысы сағызша созылған әрбір үйдің проблемасын прокурорлар асықпай тыңдап отырған. Бірақ соңы айқайға ұласып кетті.

«Азбука жильяға» миллиондап ақша беріп, кейін жер сипап қалған жұрттың талабы сол баяғы – жыры көп сегіз бірдей тұрғын үйдің құрылысын өзге сенімді компания аяқтаса дейді. Өйткені, бұл жұмысты Астана соты  «Орда инжинирингке» тапсырғанымен, жөнді техникасы жоқ компанияға үлескерлер сенбей отыр.

Бақыт Молдашева, үлескер:

– «Орда инжиниринг» компаниясы да «Азбука жильяның» ар жақ-бер жағы. Құрылыс әлі тоқтап тұр. Әне бастаймыз, міне бастаймыз деп құр уәдемен тойдырып келеді. Біздің үйімізді басқа құрылыс компаниясы тұрғызсын.

Бірақ, осы даулы мәселені екі сағат талқылаған прокурорлар үлескерлермен ортақ тіл таба алмады. Сондықтан төрт жылдан бері пәтер аңсаған жұрт бас прокурордың кабинетіне басып кірмек болды.

Бірақ, есік алдындағы полицейлер ашулы әйелдерді есіктен ары жібермеді. Бас прокурор Жақып Асанов та кездесуге шыға қойған жоқ. Ал, оның орнына жұртқа басу айтқан қызметкерлер үлескерлерге өз-ара келісімге келуге кеңес берді. Өйткені, алданған салымшылардың біразы «Орда инжинирингтен» бас тартса, қалғандары осы құрылыс компаниясын жақтап отыр екен.

Сүлеймен Сағатбек, ҚР Бас прокуратурасы Құқық қорғау орталығының басшысы:

– Соттың үкімі бар. Ол орындалу барысында бұлар өздері екіге бөлініп алып, бір-бірімен келіспей жатыр. Басым көпшілігі бір жағында. Бұл кісілер бөлек. Енді өздерінің үлесін бөліп беріңдер дейді бұл кісілер. Енді ол мәселе талқыланып жатыр.

-Осылайша, Жақып Асановпен кездесуді талап етіп, шу шығарғандарды прокурорлар әрең тоқтатып, шығарып салды. Айтуларынша, даулы іс бойынша қазір тексеріс жүріп жатыр. Ал, 3 мыңнан астам үлескердің 27 миллиард теңгесін қалтаға басып қашып кеткен «Азбука жильяның» бұрыңғы басшысы экс-депутат Ерғанат Тайжанов қазір Австрия түрмесінде екінін айта кетейік. 

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*