Көзбояушылық кімге керек?

Сыннан көз ашпаған қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасы жақсармайынша, жергілікті әкімдіктің көңілі жай табар емес. Жол ақысы көтерілген тұста, жолаушыларды автобустардағы жағдай жақсарады деп сендірген. Бірақ әзірге түбегейлі оңалып кеткен дүниені көрмедік. Баз баяғы қалпында. Тасымалдаушы мекемелер өз міндеттерін толық орындамайды дегенді үш жолаушының екеуінен естуіңізге болады. Халықтан түскен арыз –шағымға атүсті қарамаған қала басшысы Ермак Сәлімов жұманың кешінде тиісті сала мамандарын ертіп кезекті рейдке шықты.

семей

 

Әкім, тілшілерге берген уәдесі бойынша, жолаушылар саны азайды–ау деген мезгілде, қас қарая қала аралады. Қаланың басты аялдамаларына барып, қоғамдық көліктің қаншалықты кестеге сай жүретініне көз жеткізді. «Орталық алаң» аялдамасына жеткен біздер қоғамдық көліктердің жүруіне ренжулі жерлестерімізді көрдік. Өзін қала тұрғынымын деп таныстырған бір әпкеміз жұмысқа күнделікті автобуспен қатынайды екен. Сондықтан жаңартылған жүру кестесін де жаттап алған.  Солай бола тұрса да, автобустардың уақытынан едәуір кешігетін кездері жиі болатынын айтқан ол: «17-ші, 53–ші бағыттағы автобустарға отырамын. Күтіп тұрғаныма жарты сағат болды. Біреуі де жоқ»,- деп кейіс танытты.

Өзге ірі қалалардағыдай емес, негізінен, кешкі сағат 8–ден кейін жолаушылар ағыны азаяды. Ол рас. Бірақ бұл уақыттарда түрлі үйірмелерден үйіне қайтатын жастарымыздың бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Ал елдің қамын ойлағаннан гөрі өз қалтасының «қампайғанын» бірінші орынға қоятын жолаушылар тасымалына жауапты мекемелер «басы ауырмаған соң, өзгемен ісі болмай тұр». Десе де көлік жүргізушісі мен кондукторлардың өз айтары бар. Мәселен, 35–ші бағыттағы автобусқа отырған біздер «кешкі сағат 8-ден кейін жүру тиімсіз, автобусқа мінетін адам жоқ, өзіміз шығынға ұрынамыз» деген жауап естідік.

Бірақ бұл барлық жерде бірдей емес. Өйткені, жолаушысы жоқ бір аялдама алдыңыздан шыққанымен, сізді күткен көп жолаушы келесі аялдамада тұрады. Рейдте осыған да куә болдық. Кешкі мезгілде автобустардың аз қатынауына кейбір қоғамдық көліктердің өз еркімен бағытынан шығып кетулері де себеп болып отыр. Оның арты, әрине, мәселенің ушығуына келіп тіреледі. Мәселен, «Базар» аялдамасында 12-ші бағыттағы автобусты күткен жолаушылар уақыттарын текке өткізіп тұрды. Автобус болса бұл бағыттан әлдеқашан шығып кетіпті. Бір өкініштісі, өз ісіне немқұрайлы қараған жүгенсіз жүргізуші әрекеті де жауапсыз қалмақ. Оның басты себебі – оларға тиісті шара қолданатын ешқандай заң жоқ. Осыны жақсы біле ме, қайдам, мердігер мекемені қойып, қарапайым жүргізуші мен кондуктор да халықты әбден басынып алған.

Осындай жекелеген кемшіліктер болмаса, автобустар дәл сол күні кешкісін ерсілі-қарсылы ағылып жатты. Шамасы, қала әкімінің қоғамдық көліктердегі кешкі сапарынан алдын ала құлақтанып алса керек. Бірақ дәл осындай көзбояушылық кімге керек? Кімді алдағысы келеді, елді ме, әкімді ме? Өтіріктің құйрығы бір–ақ тұтам екенін ескерсек, бұл да абырой әкелмейді.

Кезекті сапарын қорытынды-лаған қала басшысы, қоғамдық көлік қатынасында ілгерілеу бол-ғанымен, жолаушылардың әлі де көңілі толмайтын тұстары бар екенін жеткізді. Сондықтан осы саладағы кемшін тұстарды жою жолында жұмыстар жалғаса беретінін атап өткен Ермак Бидахметұлы мердігерлерге сыннан қорытынды шығаратын уақыттың жеткенін айтты.

Ермек ИСАБАЕВ, «Семей таңы»

Бөлісу: 

Пікір 2

Міндетті*
  1. Гүлім: Семейде күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселелердің бірі. Қоғамдық көліктердегі дөрекілік пен жүгенсіздікке етіміз де, көзіміз де әлдеқашан үйреніп кеткен. Әлеуметтік түйткілді мәселелер көтерілгенімен, айтыланымен еш нәтиже шығарылмайтындығы өкінішті...
  2. Марал: Әпке емес Апай деп жазсаңызшы. Семейде ешкімге де әпке деп айтпайды. Солай емес пе? Әдеби тілде де әпке деген дұрыс емес!