Жидебайға барсаң, желікпей бар!

Қуанышқа, қуанғанға не жетсін! Бірақ шегінен асып кетсе шырайы бұзылатыны тағы бар. Біз кейде қуанғанның жөні осы екен деп, оны дарақылыққа, даңғойлыққа ұластырып жібереміз. Соның бірі – жастардың үйлену тойына қатысты серуен шерулерінде кездесетін өрескел көріністер.

Қаланың үлкен көшелері мен көпір үстінде өзгеге жол бермейтін жас жұбайлар шеруіне көз үйреніп барады. Үйлену тойы алдында үйіріңмен қыдырып, есте қаларлық сәттерден әсер алған жөн шығар. Бірақ әр нәрсе өз жөнімен болуы керек қой. Бізде қалай, құдды бір майданға аттанып бара жатқандай немесе жау жапырып келгендей айғай-сүреңге саламыз. Бұл өзі жеке тақырып болғандықтан негізгі тақырыбымызға ауысайық.

Таяуда ұлы Абайдың мәңгілік мекені Жидебай басында болып қайтқан бір үлкен ел ағасының әңгімесін тыңдай отырып ойланып қалдым. Бұл ағамыз әлдебір себептермен Жидебай басына 13 тамыз күні кешкі сағат 17-лерде жеткен. Бұрын да бірнеше рет болған әрі күндізгі уақыттарда келіп жүрген жері болғандықтан ба мұндай ерсі әрекеттерді кездестіріп көрмеген. Бірақ осы жолы мына бір көрініс жанына батып, көңілі құлазиды. «Басқа-басқа, үйленіп жатқан жастар шоғыры Жидебай басында желөкпелік жасап, айғай-шуға, даңғаза-дуға ерік берсе не болғанымыз?» деген ой мазасын ала түскен.
Ышқынған ысқырық, қарқылдаған күлкі, өз орталарында қалыптасып кеткен «қаратпа» сөздер де естіле түскен. Әлгілердің әрекетіне шыдай алмаған ағамыз жастарға жақын барып, топтың жетекшісі-ау деген бірінің назарын өзіне аударып: «Бұл ұлылар жатқан киелі жер, мұнда ел көңіл көтеру үшін емес, зиярат, тағзым ету үшін келеді. Қасиетті жерде артық қылық жасамаңдар, қайта үйленіп жатқан жастардың болашағына ұлылардың әруағы жар болсын деп тілек қосып, дұрыс келіп-дұрыс қайтыңдар», деп жөн сілтегенімен аға сөзіне құлақ асқан ешкім болмаған сыңайлы.

Бұл топ Қарауылдан Жидебайға тасжол үстінде төрт көлікті қатар жарыстыра жеткен еді. Ендігілері мынау. – Күйеу жігітті қаусыра аспанға атып, өздерімен-өздері мәре-сәре. Барлық көріністер бір ғана қаршадай оператор қыздың «сценариімен» жалғаса түсуде. Шеру құрамындағы қауым әлгі оператор-режиссердің «өйтіңдер-бүйтіңдер» дегенін бұлжытпай орындап, айқай-сүреңге баса түсуде. Сыртымыздан бөгде адамдар қарап тұр-ау деген қымсыныс та байқалмайды.

Сонда, бұл өңірді басқарып отырған ел ағалары, жастар тәрбиесімен жұмыс жүргізетін мекемелер, құқық қорғау саласының басшылары идеология мен тәртіп мәселесіне жете мән бермей келгені ме?

Бұл бағытта «Жидебай басында иелік жасап отырғандар бар емес пе?» деп жауапкершілікті шырақшыларға сырғыта салуға және келмейді. Шырақшылармен хабарласқанымызда олар: «Біз кесене мен мұражайлар мүліктерінің амандығы мен төңірек тазалығын сақтау ауқымында қызмет қыламыз, келушілердің жеке бас қылықтары мен мінездеріне араласуға дәтіміз бармайды. Әрі мұндай жағдай жиі кездеседі, олар бізді тыңдай бермейді, бір нәрсе десек төбемізді ояма деп қорқамыз» дейді.

P.S. Бұл біз естіген бір ғана мысал және бұл ойланарлық жағдай. Ел ертеңі – жастарымыз ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін әлден айырмаса, оларға айналасы қажетті тәлімді бермесе бәрі де бекер. Киелі жерге, қасиетті орынға не үшін барамыз? Оған бәлендей ақылдың немесе ереженің қажеті шамалы. Жеңілтектік кеселінен түрлі жағдайларға ұрынып жатқан жастарымыз қаншама? Жастар туралы «бәлен-түген» деп бейтарап отыра бермей, артық кеткенін түзеп, кемшін түскеніне кеңес беріп отырмасақ үлкендігіміз қайсы?..

Қайрат Зекенұлы,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*