Текті білу тектілік десек те…

футболка

Астанаға барған жанның «Ханшатыр» ойын – сауық орталығына кірмей кететіндері кем де кем шығар. Таяуда еліміздің бас қаласында болғанымда аталған орталықтың 2-қабатында жарнамасы шынының сыртынан жарқырап, жүргіншіні елеусіз өтіп кете алмайтын сауда нүктесіне мен де бас сұқтым. Дүкендегі ұлттық нақышта өрнектелген киім үлгілері тұтынушыны өзіне еріксіз тартатындай әдемі-ақ. Сабыржан Айрин есімді қазақстандық сәнгердің авторлық киім үлгілерінің дүкені екен.

Жасыратыны жоқ, қазақстандық шебердің сән әлеміне халқымыздың ою-өрнегімен безендірілген киім үлгілерін әкелгені қуантты. Алтын барыс бейнеленген күртеше де, оюмен көмкерілген жейделер де қазақ елінде дайындалған тауар екенін анадайдан паш етіп тұр.  Дүкеннің орта тұсына халық көбірек жиналып қалыпты. Ең жақсы тауар сол жерде болар деген оймен мен де жақындадым…

Қазақ руларының аттары жазылып, ру таңбалары   бейнеленген жаздық   жейделердің әр алуан түстері самсап тұр. Жалайыр, Дулат, Шапырашты, Арғын, Найман, Қыпшақ, Уақ, Керей, Адай, Беріш, Табын… Алғашқыда аңтарылып қалған мен жан-жағыма қарасам, әркім өз тегі жазылған жейдені іздеп әлек. Кездескен бетте таныстықты бір – бірінің руын сұраудан бас-тайтын қазаққа бұл жерде артық әңгіменің қажеті де жоқ. Қай рудан екені қолына ұстаған тауарда жазылып тұр. «3 – 4 жастағы Адайға дәл жейденің ақ түсі жоқ па екен?» деп жанына барған жігітке сатушы қажетін тауып берді. Пендеміз ғой, мен де әулетіміздің екі кішкентайына арнап алайын деп «Арғындардың» жейдесін қолыма ұстаған бетім еді, жаныма жақын келген бойжеткен: «Сіз де Арғынсыз ба?» деп бетіме сұраулы көзбен қарады. Жүзінде жақынын көргендей жылылық бар, жымиып тұр…  Екі жейдені алып, сатушымен есеп айырыстым. Менен кейін жаңағы «туысым», одан әрі кезекте Дулат, Керей, Найман, Адай, Шапырашты бауырлар тұрған…

Алты Алаштың бас қосқан Астанада қай рудың өкілдері жоқ дейсің? Ендеше, осы жердегі ең өтімді тауар да ру аттары жазылған жейделер сияқты.

Сыртқа шығып айналама көз тастадым. Бұрын байқала бермейтін үйреншікті көрініс осы жолы басқаша көрінді. Әрине қазақтың астанасы болғандықтан жүргіншілердің де басым бөлігі жергілікті ұлт болуы заңдылық. Дегенмен, бәріміз Сабыржан Айриннің жейделерін киіп көшеге шығып кетсек не болар екен… Ойлаудың өзі қорқынышты сияқты… Тауар өткізу үшін кәсіпкерлер не ойлап таппайды десеңізші! Руының аты айтылса, өртке тиген дауылдай өрекпи жөнелетін қазақ баласы үшін бүгін ружандылық емес, ұлтжандылық керек екенін естен шығарып алмасақ болғаны.

Риза Молдашева

Бөлісу: 

Пікір 3

Міндетті*
  1. марат: Дурыс коп боп кетти осындай
  2. Зауре: Жақсы ғой футболкада руың тұрса несі жаман?
  3. Quwanış: QAZAQ ruwdan quraladı, tamırın tereñge jayğan bäyterektey!