Абақтыдағылардың арыз-шағымдары тыңдалды

түрмедеділер

«Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов Өскемен қаласында ОВ-156/3 түзету мекемесінде бас бостандығынан айрылған азаматтарды қабылдады.

Қоғамдық қабылдауға ШҚО прокурорының орынбасары Алан Тленчинов, «Нұр Отан» партиясының ШҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Ануарбек Мұхтарханов пен өзге де құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Қабылдауға 6 азамат түрлі-арыз шағымдармен жазылған болатын.

Солардың бірі Алматы қаласының тұрғыны, бүгінде Өскеменде жазасын өтеп жатқан Медет Сабыров өзін Алматы қаласына жақын орналасқан түзету мекемесіне ауыстыруды өтінді. Оған себеп қартайған анасының ұлымен жүздесуге Өскеменге келіп тұруы қиындық тудырады. Сол себепті жазасын өтеуші 2011 жылдан бері туған-туыстарымен жүздеспеген екен.

— Мені Алматы қаласына ауыстыруларыңызды өтінемін. Қазір тәртібім жақсы, түзелу жолына түстім. Алматыға жақын маңда болсам қартайған анам маған келіп тұрар еді,- дейді Медет Сабыров.

Аталмыш азаматтың арыз-шағымын мұқият тыңдаған нұротандықтар мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. Медет Сабыров алдағы 1 ай көлемінде Алматы қаласының маңында орналасқан «Заречный» түзету мекемесіне ауыстырылатын болды.

— «Нұр Отан» партиясы үшін барлық азаматтарымыздың құқы тең. Бұл жердегі азаматтар кезінде шалыс басып, сол үшін жазаларын өтеп жатыр. Біз олардың бүгінде түзеліп, қоғамға қосылуы үшін жағдай жасауымыз керек,- дейді «Нұр Отан» партиясы орталлық аппаратының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов.

Сондай-ақ, нұротандықтар бас бостандығынан айырылған азаматтардың тұрмыстық жағдайымен танысты. Түзету мекемесіндегі олардың жатар орнынан бастап, киер киімі мен ішер асына дейін тексерді. Қабылдау соңында түзету мекемесінің кітапханасына Елбасының бірнеше оқулығын сыйға тартты.

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*