Бүкірейген ұрпақтың болашағы бұлыңғыр

 

Бүгінгі бастауыш сыныптың балалары мектепке өздері бара алмайды. Өйткені иығындағы «жүктері» тым ауыр. Осыдан 6-7 жыл бұрын бұл мәселе жиі көтеріліп, министр­ліктің назарына ұсынылғанда: «Кітаптар бірнеше бөлімге бөлініп шығып, әр кітаптың саны 200-300 грамнан ғана болады» деген еді 
министрлік өкілдері.

2016-2017 оқу жылынан бастап бірінші сыныпқа бар­ған оқушыларға Білім жә­не ғылым министрлігі сауат ашу, математика, жаратылыстану, өзін-өзі тану, дүниетану, көркем еңбек, музыка, орыс тілі, ағылшын тілі, дене шынықтыру, жалпы – 10 пән, бес күндік оқу кестесін бекітті. Бұл оқулықтар «Назарбаев зияткерлік мектебінің» бағ­дарламасы негізінде жарық көріпті. Бір күнде 5 сабақ болса, әр кітапты қоса есептегенде 1,5-2 кг болады деп есептегендері анық. Бірақ әр жұмыс дәптері оқулықтың салмағымен бірдей екенін ескерсек, бес сабақтың кітабы он данаға айналып, оған мектептің ішінде жүретін аяқ киім мен қосымша оқу құралдарын, дене шынықтыруға арналған киімдерін қосқанда 8-9 кг-ға дейін жетеді. Оған бас ауыртып отырған кім бар?
«Назарбаев зияткерлік мектептерінде» балалар таңертең келіп, кешке бір-ақ қайтып, үй тапсырмасын да мектепте орындайтын жүйе негізінде білім алатыны белгілі. Ол мектептің жүйесін қарапа­йым білім ошақтарымен са­лыстырып, қабылдаудың қателігін неге өзге оқушылар тартуы керек?

Сөмке салмағына қатысты стандарт жоқ

Ресейлік мамандар біздің бүгінгі көтеріп отырған мәселемізді әлдеқашан қолға алып қойған. Яғни, онда сөмкедегі заттың салмағы оқушы салмағының оннан бір бөлігі болуы шарт. Балаңыз 25 келі тартса, сөмкесінің салмағы да 2,5 келіден аспауы керек. Ал төменгі сынып оқушыларының сөмкелері 1200 грамның шамасы болады екен. Ал бізде арнайы бекітілген стандарт жоқ. Тек министрлік өкілдерінің ара-тұра «Бастауыш сынып балалары сөмкесінің салмағы 1,5-2,5 кг-нан аспауы керек» деген уәждерін ғана есітіп келеміз.
Америкадағы Педиатрлар акаде­миясының зерттеу жұмыс­тарына сәйкес, мектеп сөмкесі салмағының көрсеткіштері 1-сынып – 1,2 келіге дейін, 2-сынып – 1,6 келіге дейін, 3-сынып – 2,3 келіге дейін, 4-сынып – 2,6 келіге дейін болып, 9-11-сынып оқушыларының өзі 4 келіге дейін ғана салмақты көтеруге болады екен. Ал бізде 1-сыныптың баласының өзі америкалық жоғары сынып оқушыларынан екі есе салмақты арқалап, арқа омырт­қасын қисайтып, жасына жетпей ауруға шалдығып жатыр.
Ең болмағанда сол ауыр сал­мақты болдырмаудың жолын да қарастыр­майтын немқұрайлылыққа не айтамыз? Әйтпесе, сол елдердегідей сабақ барысында пайдаланылатын негізгі оқулықтарды мектептегі оқушылардың жеке сөрелеріне қалдырып, мектептерде үй жұмысы топтастырылған арнайы конверттер таратылса да болар еді. Дене шынықтыру сабағын аптасына үш рет емес, бір рет деп қойып, жаратылыс­тану, дүниетану, өзін-өзі тану сынды үш кітапты біріктіріп, бір кітап етсе де болады. Кезінде бір ғана әліппемен әліпті әріп деп танып, қатарға қосылған балаларды көштен қалды деп ешкім де айта алмас еді. Кітаптың санын көбейтіп, қосымша дәптерін одан да көбейтіп, оған бала түгіл, мұғалімнің өзіне ауыр тап­сыр­маларды қоса бергеннен не ұтқанымызды алдағы бір он жылдықтың еншісіне қалдырғаннан басқа амал да қалмай тұр.

Әрбір екінші баланың омыртқа жотасы қисайған

Ең сорақысы, жақында ғана дәрігерлер дабыл қақты. Омыртқа жотасы қисайған балалар көбейген. Бұл соңғы он шақты жылда күніне 5 кг-нан артық сөмкені көтере бастаған балалардан байқалып отыр. Міне, біздегі білім саласындағы соны жаңалықтардың жемісі!
Балалардың омыртқа жотасы­ның қисаюы, әсіресе, мектеп оқушы­ларының арасында жиі кездеседі екен. Астана қаласының тұрғыны Шыныбекова Еркетанның 7 жасар ұлы Дарханға ортопед-дәрігерлер «арқа омыртқасы қисайған» деген диагноз қойыпты.

«Балам былтыр 1-сыныпқа барды. Мектебіміз жақын. Көбіне өзі барып, өзі келетін. Сөмкесі тым ауыр болады. Біздің алып жүруге, мектепке тасуға көп мүмкіндігіміз болмады. Енді дәрігерлер қорқытып отыр. Омыртқаның қисаюы ұлғая береді екен. Уақыт өте қисайған сүйек жүрек, өкпе, тағы басқа да ішкі ағзалардың жұмысына кері әсерін тигізіп, ауруға шалдықтырады дейді. Бұлай болмайды ғой. Мемлекетіміз балалардың болашағына алаң­дамайды ма? Қара­ңыз­шы, мектепке келген оқу­шы мен ата-ананың саны бірдей. Өйткені бұл ата-аналардың барлығы балаларының болашағына алаңдайды. Ауру болып қалмасын дейді. Былайша айтқанда, сабақты өздері оқып жүр. Үйдегі тапсырмасын бірге орындайды, мектепке бірге келеді, бірге кетеді»,-дейді.

«Омыртқа жотасы – бүкіл дененің тірегі. Біздегі балалар 1-сыныпқа 6-7 жастарында барады. Ал бұл жастағы балалардың омыртқа жотасы тез қисаяды. Бұл уақытта омыртқааралық шеміршектердегі заттың алмасуы өте күшті болады. Сондықтан түрлі жағдайлардың әсерінен омыртқаның өсуі тез бұзылып, омыртқа жотасының патологиялық сколиозы пайда болады. Көрдіңіз бе? Міне, дәл осы кезде баланы көп ауыр заттардан сақтау қажет. Ал біз оларға ауыр сөмкені арқалатып, ауруды қолдан жасап отырған сияқтымыз»,-дейді ортопед-дәрігер Ырымгүл Хасенқызы.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша әрбір екінші баланың арқа омыртқасы қисайыпты. Бұл – дабыл қағарлық жағдай. Дәрігерлердің өзі алаңдай бастаған аурудан айығудың жолы осы білімдегі жүйесіздікке келіп тіреліп тұрғаны да рас.
Ал психолог Ерлан Қуантқанұлы:

«Бүгінгі таңда өсіп келе жатқан ұрпағы­мыз сөмкесіндегі ауыр кітаптардың әсерінен түрлі ауруға ұрынып жатыр. Осыдан баланың иығына салмақ түсіп, бала бүкірейіп жүреді де, сүйегі қатпаған баланың омыртқасы қисайып, солай қалыптасып қалады. Қалай болған күнде де, мұны жеңілдетудің жолын қарастыру керек. Әйтпесе, он екі мүшесі сау ұрпақты ауруға айналдырып, обалына қалып жүруіміз кәдік»,-дейді.

«Мектеп керексіз қағаздардың мұражайына айналды»

Кезінде дәл осындай пікірді айтқан педагог-ұстаз Аятжан Ахметжанұлы өзі сабақ беріп жүрген «Зерде» мектебінен дәл осы қағазбастылықтың әсерінен бас тартқанын айтады. «Қазіргі мұғалімнің басты жұмысы бітпейтін қағаздар мен бітпейтін есептерден тұрады. Бұрын ұстаздар дәптер тексеріп, жоспар құрып, журнал толтыратын болса, бүгінгі ұстаздардың жұмысы тіпті еселеніп кеткен. «Бір мұғалімнің бір жылдық қағазын есептейтін болса, бір тонна қағаз шығуы мүмкін. Ғылым күн са­йын жаңаланып, күн сайын ілгеріленіп келе жатыр. Егер мұғалім ізденбесе, бір сарында қалып кете береді. Ал оның ізденуіне уақыт керек. Біздің жүйе оларға бұл мүмкіндікті беріп отыр ма? Жоқ. Жыл басында істелетін шаруаларды мемлекеттік бірізділікке келтіретін уақыт жетті. Мектептегі күнтізбелік, тәрбиелік жоспарлардың бір нұсқасын жасап, жұмысты жеңілдетіп қоюға болады. Бізде Ыбырай Алтынсарин атындағы ғылым академиясы, тәрбие ісімен айналысатын арнайы департаменттер бар. Бұл – осылардың жұмысы» дейді ол.
Бұрын мемлекеттік білім ошағында ұстаздық еткен маман бүгінде өзінің жеке оқыту орталығын ашқан. Себебі онда қаптаған қағазбастылыққа орын жоқ. Алдына келген баланы ата-ананың арызы тумайтындай етіп оқытса болды. Бастысы – нәтиже.
Мәселен, сыныпта 30 бала болса, сол 30 балаға әр пәннен 30 тіркеу кітапшасы болады. Әр пәннен бірнеше файл толтыру керек. Оған баланы бағалау парақтарын қосыңыз. Мұғалім әр сабақ өткізген сайын сол тіркеу кітапшасын әр бала бойынша толтырып отырады. Осыдан кейін оқытушының оқушыны оқытуға қандай уақыты қалады?
Еліміз бойынша мектептерге 5 мыңға жуық мұғалім маман жетіспейді дей­міз. Небір білікті ұстаздар, білімді мамандар көп қағазды талап етпейтін жеке орталықтарға ауысып кетіп жатыр. Жалақының аздығы мен қаптаған қағаздарды толтырудан шаршағанын кез келген мұғалім қиналмай айтып беруге бар. «Оқушыны онлайн баға­лай­мыз, дамыған технологияның мүмкіндіктерін мектепте жүзеге асырудан бастаймыз» деген жаңалықтың да жарытып пайда әкелмегені белгілі. Керісінше, әрбір мұғалім өзінің аз айлығынан жырып қағаз шығаратын құралдар мен парақтар алудан көздерін ашпай келеді.

Аймановтай ағай қайда?

Көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адам бүгінде 1960 жылдары Білім министрі болған Кенжалы Аймановтай азаматты жиі ауызға алады. Қарапайым ұстаздықтан бастап, білім саласының тізгінін ұстаған білікті басшы өз заманында осы оқу жүйесіне оң өзгерістер әкелген екен. Оқулықтарды парақтап отырып, тұтас оқып жүріпті. Оқулық жазатын ғалымдармен сөйлесіп, тапсырма беруден де жалықпаған. «Баланың миына салмақ салмау үшін оқулықтарда негізгі құндылықтарды ғана сақтау керек» деп ескерте береді екен. Тіпті баланың бел омыртқасы майысып кетпеу үшін кітаптың мұқабасы мен парақтарының салмағын есептетіп шығартқан деседі. Білімге жауапты бірінші ұстаздың бойындағы жауапкершілік бүгінгі бас ұстаздың бойында болса, білім саласы неге сонша жүйесізденіп кетті?! Біздегі білім саласының басшылары осындай министрдің болғанын біле ме екен?

«Қаптаған реформаларды тоқтата тұру қажет»

Елімізде үлкен, ауқымды сала екеу десек, соның бірінің тізгіні – Сағадиевтің еншісінде. Бүгінде Білім және ғылым министрінің «құлағына алтын сырға тағып», баласының болашағына алаңдаған айқайшы ата-ана көп. Реформатор-министрдің «келесі жылы жақсы болады» деп бастаған әр жұмысы мәселені одан сайын күрделендірмесе, жеңілдетіп отырған жоқ. Салынбаған мектеп, игерілмеген ақшаны айтпағанда, оқулықтың жайы оңбай, мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқаратын дені дұрыс жүйе болмай тұр. Жақында ғана Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Елімізде орта білім беру саласы жиі реформалар жүргізілетін салалардың қатарында жатады. Соңғы жылдары мектептеріміз үнемі реформалар жүргізілетін режимде жұмыс істеуде. Соған қарамастан, бұл сала заман талабына сай жаңғыртылды деп айта алмаймыз. Жүргізілген реформалардың тиімділігі көрінетін нәтижелерге әлі де қол жеткізген жоқпыз»,-деді.

Расында да, Білім және ғылым министрлігі реформадан көз ашпаған елiмiздiң бiлiм жүйесiн, атап айтқанда, оқулықтардағы олқылықтарды, ойын баласының бәрі қабылдай бермейтін тым күрделі тапсырмаларды ретке келтіруді, бала сөмкесінің салмағын азайтуды қолға алуы керек.

СӨЗ СОҢЫ
Әлеуметтік желілерге баласы­ның сөмкесін салып, оны өлшеп, білім саласының бүгінгі жүйесіздігіне налыған ата-аналардың қарасы өте көп. Біздіңше, бұл мәселе жай ғана жазылып, әр жерде айтылып қана қоймауы керек. Білім және ғылым министрлігі тарапынан үлкен өзгеріс, соны сипат қажет. Өзекті дүниеміздің соңғы түйінін белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіптің әлеуметтік желідегі па­рақшасында жазған пікірімен түйіндеп отырмыз:

«Біздің елдегі білім реформасы мұғалімдердің жұ­мысын ауыр­латуға ғана ба­ғыт­­талғандай: Қазақ­станды ком­пьютерлендіру ұстаз­дарды қа­ғаз­бас­тылықтан құт­­қара алмады; Сағадиевтің жаңа «реформасы» мұғалімдердің сөмкесін қалың­дат­қаннан басқа түк те бермей тұр бірінші сыныпты аттаған бүлдіршіндердің иығы көп ұзамай жауыр болады – олардың сөмкесіндегі «реформаланған» кітаптардың салмағы бойларын өсірмейді. Қазақстан қортықтар еліне айнала бастаса, себебін мектептен көріңіз!».

Гүлжан РАХМАН

Бөлісу: 

Пікір 3

Міндетті*
  1. Саида: Бүкірейген ұрпақ - смартфонға үңілген ұрпақ
  2. ССС: Айта айта жауыр болды емеспе
  3. Ермек: Гүлжан жарайсың, оқып шықтым