Ер мен әйелді айыра алмаған әкімдіктер…-Nukte.kz
Nukte.kz > Slider > Мақала мазмұны

Ер мен әйелді айыра алмаған әкімдіктер…

Атқарушы билік өкілдері елмен тығыз жұмыс істеу үшін «Электронды үкімет» жобасын қолданысқа енгізгенімен, оның қазақша нұсқасына бір сәт те зер салмайтынын байқағанда, бұл жай ғана көз алдау екенін бірден түсінесің. Қазір бес жасар баладан белі бүгілген қартқа дейін интернетке еркін кіре алады. Соның ішінде мемлекеттік органдардың сайттарынан ақпарат алу да пәлендей қиын емес. Алайда ауылдың қарапайым қазағы өз қажетін ана тіліндегі нұсқадан іздейтінін әкімқаралардың қаперіне кірмейтіні әлімсақтан қалыптасқан әдет.

Басқа өңірді қайдам, шығыс өңірдегі аудан, қала әкімдерінің ресми сайтындағы қазақша нұсқасына кірерде алдымен жүрегіңіз бен жүйкеңізді дәрігерге бір тексертіп алған артықтық етпейді. Өйткені 15 аудан, 4 қала әкімінің сайтындағы мемлекеттік тілдің бейшара халге түскенін көру намысы бар әр қазақты түн ортасында шошытып оятатын халге жеткізіп отыр.
Алдымен облыс орталығы Өскемен қаласы әкімінің сайтына (oskemen.vko.gov.kz) еніп көрелік. «Сіздерді өзімнің ресми блогымда қуана қарсы аламын!» деп жар салып тұрған қала әкімінің Қуат Тұмабаев екенін суретіне қарап бірден сенесің. Ал әрі қарай әкім үшін «осындай қаланың әкімі болу жауапты әрі қызықты» (мәтіндегі сөз) екеніне еш күмәнің болмай, қуана қоштап отырып соңына жеткенде аңтарылып қаласыз.
Өз көзіңізге өзіңіз сенбей қайтадан қанша мәрте оқып қарасаңыз да, «Аймұқашев Ерлан Қапарұлы» деген жазу көз алдыңыздан кетпейді. Бұл Аймұқашев дегеннің Тұмабаевтың алдында істеген (бір жыл шамасында ғана) әкім екені сәлден кейін барып есіңізге түседі. Бір қызығы, әкім блогының орысша нұсқасында мәтін тұрғанымен, Аймұқашевтің де, Тұмабаевтың да фамилиясы жоқ. Айтпашы, Өскемен қаласы әкімінің блогына өтердегі «читать далее» деген сөзді көріп, «ары қарай оқу» деген қазақы сөздің қажет болмағанын да көріп қалдық. Ал сайттың қазақша нұсқасының сол жақ бағанындағы «Контактные данные», «Акимат города Усть-Каменегорск», «отделы аппарата акима» сияқты жұртқа қажетті анықтамалықтар мен «Элеуметтік сұрақтар бойынша қала әкімінің орынбасары» лауазымы таз қалпында қанша тұрары белгісіз.
Әкімдік сайттарының қазақша нұсқасындағы қателердің нағыз «озық үлгісін» Семей қаласы әкімiнің сайтынан (akimsemey.gov.kz) ғана таба аласыз. Бір қарағанда қазақша нұсқасынан мысқалдай да мін таппайсыз. Ал енді «Мемлекеттік органдар» деген тармағына өтіп, оның ішіндегі «ауылдық округтер мен кенттер аппараты» деген тұсына барайық. Қалаға қарасты ауылдық әкімдіктердегі мамандардың аты-жөніне үңілген бетте түңіліп кетесіз. Мысалы, Ақбұлақ ауылдық округінде «Нурпеісова Анар Серікқалиқызы» деген бас маман бар екен. Дұрыс фамилиясы Нұрпейісова екені белгілі. Сонда қатені кім жіберіп отыр? Қала әкімінің сайтына жауапты қызметкер ме, әлде қарамағындағы қызметкерлерінің аты-жөнін дұрыс жазып, жөнелте алмаған ауыл әкімі Н.Теміржанов па?! Әлде бас маманның өзі фамилиясын дұрыс жаза алмай ма?! Бұл ештеңе емес-ау, масқара қылғанда ауыл әкімдіктеріндегі мамандардың ер не әйел екенін өздері де білмейтіндей әсерде қалдырған сорақылықтарды да көрдік. Мысалы, Қараөлең ауылдық округінде (ауыл әкімі С.Қапақов) Қамбаров Дәулет Сағымбекқызы (!) атты бас маман барын көргенде көзіміз шығып кете жаздады. Ал Жиенәлі ауылдық округінде оның «қарама-қарсы» әріптесі бар екен. Яғни Жиенәліде (ауыл әкімі Г.Аманжолқызы) Канапина Жанар Тұрсынғазыұлы (!) деген «азамат» бас маман болып жүр екен. Мұндай өрескел қателікке басқа саланы қойып, өздерін президенттің ел ішіндегі сенімді өкілі, көз-құлағы санайтын қала мен ауыл әкімдерінің өздері жол беріп отырғанда кімге жөн айтарсың?! Мемлекеттік қызметкерлердің аты-жөні жеке бас куәлігінде көрсетілген тәртіппен орысша «ович», «овна» деп көрсетілсе, түсіністікпен қарауға болар еді. Мемлекеттік қызметкер түгіл, мектеп оқушысының өзі ұл не қыз екенін айыра алады ғой.
Мұндай қателіктерді қала әкімі Ермак Сәлімовтің өзі күні бүгінге дейін көрмегенін «уақыты жоқтығымен» байланыстыруға болар, ал әкімнің аппарат басшысы, оның қол астындағы ұйымдастыру және инспекторлық бөлім қайда қарап отыр?! Айтпақшы, қала әкімі аппараты қызметкерлерінің тізімінде жақында ғана ШҚО әкімі Д.Ахметовтің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалған Нұржан Есенжоловтың «бас инспектор – әкімнің баспасөз хатшысы» болып «әлі отырғанын» көзіміз шалғанда, қала әкімінің сайтына одан әрі қарауға өзіміздің жүзіміз шыдамады. Бұл не сонда?.. Шынымен, «көрмес түйені де көрместің» кері ме, әлде бір-біріне жаныашымастықтан туған жүрдім-бардым салғырттық па?!

ГЛУБОКОЕ РЕСЕЙДІҢ АУДАНЫ МА?..
«Әндіжанда бір апам бар, менен өткен сорақы» деген ерсілеу мақалды еске түсіретін ендігі бір қателікті аудан әкімдерінің ішінен Глубокое ауданы әкімінің сайтынан (glubokoe.gov.kz) көрдік. Cілтемесінен бірден орысша нұсқасы шыға келгенде, қазақшасы қайда тұрғанын білмей, біраз дағдаруға тура келеді. Расында да, «Қаз. Рус. Eng» деген нұсқаманы сайт бетінің қай бұрышына қарасаңыз да таппайсыз. Есесіне сайттың оң жақ шекесінде Ресей мен Қазақстанның кішкентай жалаушасы «шақырып» тұрады. Егер Ресей жалаушасын бассаңыз орысша, Қазақстан жалаушасын бассаңыз мемлекеттік тілде «сайрап» қоя береді. Аудан әкімі Қалихан Байғонысовтың ешбір әкімге ұқсамайтын бұл «ерекшелігін» басқа әкімдер «үйреніп алмай» тұрғанда, саяси қателік болып табылатындығын өзіне ескерткеніміз жөн болар. Атқарушы билік өкілі түгіл, Глубокое ауданының Қазақстанда, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында екенін мектеп қабырғасындағы бала да біледі. Сонда сайттың орыс тіліндегі нұсқасын көрсеткен болып отырып Ресей туының кішкентай суретін қоюға қалайша жол берілді?! Аты-жөнін қазақша нұсқаның өзінде «Байгонусов Каликан Байгозынович» деп орыс тілінде бадырайтып қойған әкім сайттың қазақша нұсқасына бас ауыртпайтынын «Блог әкімі» (дұрысы – Әкім блогы – авт.) деген айдарға қарап-ақ бірден түсіндік.
Ал Зайсан ауданы әкімінің сайтына (zaysan.vko.gov.kz) барсаңыз, «бояушы бояушы дегенге сақалын бояпты» деген тағы бір тәмсіл алдыңыздан шығады. Қазақша, орысша, ағылшынша нұсқамалары бар екені байқалып тұрғанымен, «Зайсан ауданы әкімінің ресми сайты» деген жазуды көмкеріп тұрған мемлекеттік тудың сол жақ шетін түгелдей ойып түсіргенін қалай түсінуге болады?! Қазір мемлекеттік рәміздерді әкімдік сайтына жартылай жыртып орналастырмақ тұрмақ, көрінген жерге қалай болса солай іліп қоюға болмайтынын басқа білмесе де, жасы алпысты алқымдаған, Өскемен қаласын екі рет, Жарма ауданын бір рет басқарған, әкімдік қызметтегі тәжірибесі атан түйеге жүк боларлық Зайсанның әкімі Темірбек Қасымжанов жақсы білуге тиіс еді. Демек, аудан әкімдігінің аппараты сайттың дизайнындағы мұндай олқылық үшін өздерін жауапты санамайды деген сөз.
Айта берсек, мұндай сорақылықтар шығыс өңірдің біраз ауданын виртуалды түрде араласаңыз алдыңыздан шыға береді. Курчатов қаласы әкімдігінің сайты алдымен орысша нұсқада бірден ашылса, Риддер қаласының сайтын «Ресми интернет-ресурсы Риддер қаласының әкімінің» деген қойыртпағынан-ақ қазақша нұсқасын ары қарай қарауға зауқың соқпай қалады.
Ал Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин өз орынбасарларын күнде көріп жүргендіктен шығар, сайтта бар-жоғынан бейхабар екен. Өйткені әкімнің идеология жөніндегі орынбасары Серікқазы Сәдуақасовтың аты-жөні басшылық құрамда тұрғанымен, өмірбаяны мен фотосы орналасатын тұста ізім-қайым жоқ болып шықты. Сірә, Сәдуақасов өзге екі әріптесі секілді аты-жөні мен фотосын қоюды қажет санамаған сыңайлы. Тағы бір айтар жайт, Үржар – облыстағы 27 ауылдық округі бар үлкен аудан. Өкінішке қарай, бұл ауданда қандай ауылдық округтер барын сайттағы айдарлар арасынан лупамен іздесеңіз де таба алмайсыз. Бұл жағынан Абай, Тарбағатай, Жарма ауданы әкімдіктерінің сайты озық тұрғанын атап өткен жөн. Тіпті қазағының қарасы аз, орысы ормандай көрінетін Бородулиха ауданы әкімдігі сайтының (boroduliha.vko.gov.kz) қазақша нұсқасы жоғарыда аталған аудан әкімдері үшін үлгі боларлықтай. Аудан әкімі Г. Акуловтың қазақ әкімдерінен ақылы артық па, сайт маманының кәсіби біліктілігі артық па, өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз…
Тоқ етерін айтқанда, өздерін халыққа жақындаудың бір жолы осы деп білген атқарушы биліктің виртуалды қазақшасының сиқы осындай. Ақордадан бұйрық келсе, алды-артына қарамай орындауға құлшына кірісетін әкімқаралардың қырдың қазағын оңайлықпен қабылдамайтыны былай тұрсын, қазақ тілін мазақ ететін масқара жағдайға жеткенін өздері де сезінбейтін сыңайлы. Бірі қызметкерлерінің жынысын айыра алмай отырса, енді бірі басқа елдің мемлекеттік жалауын қоса желбіретіп білгенін істеп әлек.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*