Nukte.kz > Қоғам > Мақала мазмұны

Жалғызбасты ананың жанайқайы

Ақтөбелік әйел балаларына тамақ тауып беру үшін қоқыс жәшіктерін аралап жүр, деп хабарлады «Астана» телеарнасы. Әйелдің балаларын асырауға ақшасы жетпейді.

Ол мұндай қадамға жоқшылықтың кесірінен барған. Кішкене екі сәбиімен бірге саяжай аумағындағы үйшікті паналап отырған 26 жастағы анаға баспананың ақысын төлеу де оңайға соқпаған.

Олеся шағын үйшіккте тұрады. Оған дейін жалдамалы пәтерлерді жағалап жүріпті. Балалары дүниеге келгенше әр жерде жұмыс істеп күнелткен. Ал, сәбилі болған соң жоқшылық қыспаққа алғанын айтады. Тіпті, көшеге шығып, қайыр сұраған да кезі болған.

«Өткен жылы өте қатты қиналдық. Үш ай бойы тұратын жерім болмады, жейтін тамақ табылмады. Жағдайымның ауыр болғаны сонша, балаларымнан бас тартсам ба деген ой келді», —  дейді Олеся Летавская.

Келіншек бүгінде өзінен 11 жас үлкен азаматпен бас қосқан. Алайда, күйеуі науқас болғандықтан, жұмысқа орналаса алмай жүрген көрінеді. Олеся балаларын асырау үшін қоқыс жәшіктерін аралап, металл сынықтарын жинаған. Оны өткізіп, азын аулақ қаражатқа баспана ақысын төлейді, кей күндері балаларға тамақ алады. Мұндағы тұрмысқа қажетті заттар мен ойыншықтардың барлығы да қоқыстан жиналып алынған.

Олесяның жағдайынан жергілікті әкімдік өкілдері хабардар. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары кішкентай Кирилл 1 жасқа толғанша бұл әйел мемлекеттен жәрдемақы алып тұрған дейді. Енді келесі айдан бастап оған бір жолғы атаулы әлеуметтік көмек ретінде 60 мың теңгедей жәрдемақы, ал одан кейін ай сайын екі балаға 3 019 теңге жәрдемақы тиесілі екен.

«Олеся Александровна Летавская тұрғылықты мекенжайға 12 қыркүйекте тіркелген. 15 қыркүйек күні 18 жасқа толмаған балалар жәрдемақысын өмірлік қиын жағдайларға байланысты комиссияға қарауға және атаулы әлеуметтік көмек мекенжайы бойынша тапсырылған. Құжат тапсырды. Келесі айда осы өткен ай үшін көмектерін алатын болады. Мысалы, 60-70 мың шамасы», — дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Мейіржан Қарақов.

Олеся мен оның кішкентай балаларына қазір еріктілер ғана көмектесіп жүр. Олар азық-түлік пен киім әкеліп, қысқа отын жинауға да жәрдемдескен. Жақын туысы да жоқ әйелдің үшінші баласына аяғы ауыр. Жергілікті билік тұрақты жұмыс табуыма көмектессе, ақырындап қиындықтар ұмытылар еді дейді.

Бөлісу: 

Пікір 0

Міндетті*